Блог статистикасы
195
Жазбалар
4732
Өтініштер
183329
Келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)

Универсиада 2017


Жаңалықтар


Универсиада 2017 туралы анықтамалық ақпарат



КОММЕНТАРИИ 

Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) өкілдері

Олег Матыцин, Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) Президенті: «Универсиадаға дайындық барлық бағытта жүріп жатыр. FISU тарапынан бағдарламаны жүзеге асыруда ескертпелер жоқ. Қазақстанда спорттық инфрақұрылым жедел дамыуда. Қазақстан Республикасының Президенті, ел Үкіметі, Алматы әкімдігі, спортқа бей-жай қарап жатқан жоқ. Универсиада- Қазақстан үшін әлеуметтік жоба екенін аңғарып отырмыз. Яғни, Қазақстан жарыстарды құр өткізіп қоймай, Универсиада аяқталғаннан кейін барлық спорт нысандарының халықтың пайдасына жарауын ойлағаны қуантады.

Аса жауапкершілік Алматы қаласына түсіп тұр. Өйткені бұл шахарда барлық сайыстар өтеді. Сол себепті Халықаралық федерация мен Алматы әкімшілігінің, қалалық Дирекциямен бірлесе жұмыс туралы мәселерге назар аудардық. Біз Алматы әкімшілігіне ризашылығымызды білдіреміз, өйткені олар осы жоба арқылы Алматыны әлемге танытуды көздеп, шетелдік компанияларды тартып жатыр. Біз бұл спорттық оқиғаны Алматы 2011 жылы қабылдаушы қала болып шешілгеннен бастап күтіп жүрміз. Біз Алматыдағы Универсиада болашақтағы Универсиадаларға үлгі болады деп сенеміз. Универсиадаға дейін көп уақыт қалған жоқ. Дегенмен біраз жұмыстар атқарылды. Дайындық FISU бекіткен жоспар бойынша жүріп келеді».

Милан Августин, Қысқы универсиадалар FISU директоры:

«2017 жылғы қысқы Универсиада нысандарының керемет үлгіде екеніне көз жеткізгенбіз. Мұз сарайына мұз төсеу үшін ең озық технологиялар қолданылуда. Универсиадаға салынып жатқан нысандар, спорттың дамуына үлкен рөл атқармақ. Бірінші рет Универсиада ойындарына арналып, Атлетикалық қалашық салынып жатыр. Бұл жерде жарыс кезінде 5000 адам орналастырылады. Алматыдағы Универсиада, бұрыңғылардан әлдеқайда өзгерек болмақ».

Алматыдағы қысқы Универсиадаға қатысуға аккредтелген шетелдік студенттер спорты федерацияларының өкілдері:

Австрия студенттер спорты федерациясының бас хатшысы Манфред Пфайфер:«Дәл осы уақытта қысқы спорт түрлерінің спортшылары жарыстарда жүр. Біздің спортшылар келер жылғы Алматыда өтетін Универсиадаға тыңғылықты сақадай-сай дайын болады деп есептеймін.   Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің біздер орналасатын Атлетикалық қалашық салып жатқанына дән ризамыз.   Барлық спорт нысандары біздерге жоғарғы нәтиже көрсетуімізге мүмкіндік береді деп есептеймін.

Ауғанстан студенттік спорты федерациясының бас хатшысы Вахидулла Хамиди: «Біз қысқы Универсиаданың деңгейі жоғары болады деп есептейміз. Студенттер ойынында біздің елдің атынан 3 спортшы бақ сынайды. Олардың біреуі ер, екеуі қыз бала. «Көптеген адамдар Ауғанстандағы Бамиан провинциясын қысқы спорттың аймағы деп біледі. Сондықтан Бамиан провинциясынан жарысқа қатысушы делегацияны жасақтадық.

Бүкіләлемдік қысқы Универсиада-біздер үшін ірі жарысқа қатысуға таптырмайтын мүмкіндік. Универсиада ойындары, Олимпиададан кейінгі екінші ірі жарыс. Сондықтан оның бәсі өте жоғары».

Ұлыбритания университеттері мен колледждері одағының өкілі Нил Роджерс: «Қазір біз студент спортшыларды жан-жақты іріктеуді бастадық. Сыннан сүрінбегендер, келер жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға барады. Біз Ұлыбританияның барлық спорт федерацияларымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олар біздерге жаттығу жұмыстарына көмек қолын созуда. Хоккейден ерлер құрамасы 29-шы қаңтар күні, 2017 жылғы қысқы Универсиадаға тура бір жыл қалған уақытта дайындықтарын бастап кетті. Алматыдағы қысқы ойындарға Ұлыбритания атынан 90 спортшы келеді деп жоспарланған. «FISU қанаты астындағы Универсиада ойындары- жауапты әрі қызықты, жоғары деңгейлі жарыс. Біз Алматыдағы қысқы ойындарды асыға күтудеміз. Қазақстанның мәдениетімен, халқымен жақынырақ танысқымыз келеді. Бұған дейін Универсиада ойындары өткен Трентино (2013) мен Гранада (2013) қалалары Ұлыбританияға жақын болғандықтан, спортшылар үшін аса таңсық болмаған. Ал, Алматыдағы жарыс біздерге өте қызыққа толы болмақ.Ұлыбритания құрамасы Универсиадаға қатысушылардың барлығына ұмытылмастай қызықты сәттер тілейді. «Біз 2017 жылғы Универсиадада, 2018 және 2022 жылғы Олимпиададағы негізгі қарсыластарымызбен жолығуға асықпыз».

Германия студенттік спорты федерациясының бас хатшысы Кристов Фишер: «Барлық спортшылар мен Германия спорт федерацияларының өкілдері Алматыға баруды асыға күтуде. Біз Алматыдағы барлық қарлы әрі мұзды спорттарға арналған нысандардың озық екеніне тәнтіміз.

Спорт нысандарының Атлетикалық қалашыққа жақын орналасуы Алматыдағы Универсиаданың өзгелерге ұқсамайтынын аңғартады. Барлық спортшылар мен спорт делегаттары 2017 жылғы Универсиаданы ұзақ есінде сақтайтын болады.

Германия құрамасы сапында 40 атлет бар. Олар Универсиада алдында 2015/2016 қысқы маусымында өз тәжірибелерін арттыруда. Олардың кейбіреулері Әлем кубоктары мен Еуропа және ұлттық серияларда өнер көрсетті.

Біз барлық спортшыларға тек сәттіліктер тілеп, әлем спортшылары бір-бірінен үйренерлері көп деп үміттенеміз.Алматыдағы ірі додада спортшылар дін, діл, ұлт демей, барлығы бір атаның балаларындай күй кешеді деп ойлаймыз».

Оңтүстік Корея Олимпиада комитеті директорының орынбасары Чхве Мин Ген: «Біз Алматыға келуді, қала туралы көптеп біліп, Қазақстанда естен кетпес оқиғаларды бастан кешіруді тағатсыздана күтіп жүрміз. Біз дәстүрлеріміз жайлы ақпарат алмасып, Алматыда үлкен тәжірибе жинақтаймыз деп үміттенемін. Оңтүстік Корея елінен нақты қанша спортшының жарысқа қатысатыны белгісіз, дегенмен 150-ге жуық спортшы Алматыға келеді деп жоспарлап отырмыз. Біз Алматыдағы Универсиада жарысының жақсы ұйымдастырылатына сенеміз және ұйымдастырушы комитет пен ерктілердің көмегіне үміт артамыз. Оңтүстік кореялық спортшылар  барлық қатысушыларға сәттілік тілейді, әртүрлі діни-наным, әдет-ғұрыптағы спортшылармен етене араласып, жаңа достарды табуға үміттенеді».

Латвия студенттік спорт федерациясы: «Біз бобслей, хоккей, кёрлинг, шаңғы спорт түрлеріне әуеспіз. Сондықтан дәл осы спорт түрлерінен Универсиадаға қатысқымыз келеді. Дәл қазір бізге қаражатпен көмектесетін демеуші табу міндет болып тұр. Өйткені шағын елдер үшін бір хоккей клубын шетеодік жарысқа апару ауыр тиеді. Сондықтан бізге демеу көрсететіндер табылса, тек қуанамыз. Біз Алматыдағы Универсиада ойындарына хоккей командамыз бен басқа да спортшыларымызды алып келгіміз келеді.

Универсиадаға қатысушылардың барлығына алдына мақсат қойып, соған жетуіне тілектеспіз.

Моңғолия студенттер спорты федерациясының өкілі: « Алматыда өтетін Универсиадаға 38 спортшы және Моңғолияның 24 ресми өкілдері барады деп жоспарлап отырмыз.

Бұл біздің спортшыларымыз үшін қуанышты жағдай. Алматы Моңғолияға жақын орналасқандықтан, әуе билеттері аса қымбатқа түспейді, сондықтан біз барынша көп спортшымызды әкелмекпіз.

Жарысқа қатысушылардың барлығына ақ жол тілейміз. Универсиада – арманыңды жүзеге асыратын дода».

Чехия студенттер спорты федерациясының Президенті Франтишек Дворак: «Біз барлық спортшылар мен делегаттардың Атлеттер қалашығына орналасатынына қуанып отырмыз, себебі бұл өте ыңғайлы. Бұған дейін қысқы Универсиада тарихында Атлеттер қалашығы болмаған.

Жарысқа Чехиядан 137 студент-спортшы келеді. Біз Алматыдағы студенттер ойыны абыроймен өтетініне сенім білдіреміз».

Швейцарияның студенттік спорт федерациясының бас хатшысы Сесиль Бюссе: «Бізді Алматыда өте қызық жарыс күтіп тұр деп ойлаймыз. Бұған дейін біздің жолымыз Қазақстанға көп түспеді. Біз дода өтетін елмен жақынырақ танысқымыз келеді. Сондықтан келер жылды асыға күтеміз.

Бүгінгі таңда Швейцарияның жас спортшылары өздерінің біліктілігін арттыру жолында ұлттық және халықаралық жарыстарға етене қатыса бастады. Келер жылғы қысқы Универсиада ойындарына дейін олар тыңғылықты дайын болады деп есептейміз. Келер жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындарына Швейцариядан 80 спортшы қатысады.

Қазақстан спортының өкілдері

(спортшылар, бапкерлер, ардагер спортшылар)

Нұрберген Жұмағазиев, шорт-тректен Қазақстан құрамасының капитаны: 2017 жылғы қысқы Универсиадаға сақадай-сай дайынбыз. Қазір Голландияда оқу-жаттығу жиындарында жүрміз. Келер жылы Алматыда өтетін дүбірлі додада тек алтын алу үшін барымызды саламыз. Біздің команда мықты жігіттерден жасақталған. Сондықтан өзімізге сенеміз. Универсиада мен үшін Олимпиада ойындарымен пара-пар. Өйткені бұл жарыстарға Олимпиада ойындарына қатысып жүрген командалар келеді. Ал олардың арасынан топ жару, Олимп шыңын бағындырумен тең.

Виктор Ким, ҚР керлинг ассоциациясының Президенті: «2017 жылғы қысқы Универсиадаға дайындық қызу жүруде. Біз қазір сол жарыста қызмет ететін төрешілерді, мұз төсейтін мамандарды шетелдерге жіберіп, дайындап жатырмыз. Керлингке қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудамыз. Келер жылы өтетін қысқы ойындар ел спортының дамуына оң әсерін береді. Әсіресе, елімізде кенжелеп қалған керлинг спортының әлеуетін арттырады деп есептеймін.Бүгінде Қазақстанда 800 адам керлингпен айналысады. Ел құрамасының сапына 220 адам қабылданған. Олардың барлығы жастардан тұрады және халықаралық жарыстарда жүлде алуға мүмкіндіктері бар спортшылар. 2017 жылғы қысқы Универсиадаға еліміздің атынан екі команда қатысады. Олар: ерлер және әйелдер құрамасы. Универсиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар белгілі. Олар қазір дайындықтарын бастап кетті. Универсиада ойындардында жүлдеге таласамыз».

Елена Хрусталева, 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері: «Қазақстан-дамушы мемлекет. Біздің елде спорт пен басқа салалардың дамып жатқанын көріп жүрміз. 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарын өткізу, елдегі спорттық инфрақұрылымның дамуына әкеледі. Қысқы спортқа ден қоюуымыз керек. Өйткені біз елімізді бүкіл әлемге танытуымыз қажет. Ал Универсиада соған жол ашып береді деп есептеймін. Универсиада ойындарында жетістікке жеткен спортшылар, 2018 жылы Кореяда өтетін Олимпиада ойындарында үздік нәтижеге қол жеткізуі мүмкін деп есептеймін».

Жанбота Алдабергенова, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қатысушысы:

«Универсиада әр екі жыл сайын өткізілетін ірі спорттық шара. Ол жарыста тек студент спортшылар қатыса алады. Мен де қазір Университетте оқимын. Және келер жылы Алматыда өтетін Универсиада ойындарында бағымды сынамақ ниеттемін. Бұрын-соңды елімізде өткен халықаралық жарыстарға қатыспадым. Менің фристайлға деген қызығушылығымды 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында өткен 7-ші қысқы Азия ойындары оятты. Сол кезде осы спорт түріне әуесім ауып, айналысуды шештім. Қазір көрсетіп жүрген нәтижелерім жаман емес. Сочиде өткен Олимпиада ойындарына қатысып, 6-шы орын алдым. Былтыр Универсиадаға қатыспақ едім. Бірақ, шаңғы акробатикасы Универсиада бағдарламасына кірмей қалды. Сондықтан 2017 жылды асыға күтудемін. Менің ойымша, Универсиада біздің елімізді әлемге тағы бір мәрте танымал етпек».

Жанпейісов Қаиыргелді, Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының директоры:

«Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары саяси және спорттық жоба ғана емес, сондай-ақ Алматының дамуы мен көркейуіне септігін тигізетін бірегей жоба. Өйткені барлық салынып жатқан спорттық нысандар Универсиада аяқтала сала, халықтың игілігіне беріледі. Осы арқылы елімізде бұқаралық спорттың да дами түсетіні ақиқат. Біздің спортшылар алысқа сабылмай, өз еліндегі спорттық нысандарда жаттығады. Бұл кететін уақыт пен қаржыны үнемдеу деген сөз. Универсиаданың арқасында қаншама адам жұмыспен қамтылады. Бұл аздай, ертең алда-жалда Олимпиада ойындарын өткізіп қалуымыз мүмкін. Ал ондай жарысты қабылдап жатсақ, тағы да көпке шашылмаймыз. Өйткені бізде барлығы дайын. Келешекте Универсиада нысандарында әлем чемпионаттары мен кубоктары, басқа да ірі жарыстар өтетіні белгілі. Өйткені нысандардың барлығы халықаралық талаптарға сай. 2017 жылғы Универсиадада біздің спортшылар жоғарғы нәтиже көрсетеді деп үміттенемін. Дегенмен, 2011 жылғы Азия ойындарында көрсеткен нәтижемізді қайталау қиынға соғады. Өйткені ол кезде тек Азия елдерінңң командалары қатысса, келер жылы әлемнің әр түкпірін спортшылар келеді. Бірақ біздің елде өтетін жарыста, жанкүйерлерді жерге қаратуға болмайды. Спортшыларымыздың бағы мен бабы келісіп, ел намысын абыроймен қорғап шығатынына сенімдімін».

Мақсұт Жұмаев, альпинист, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы: «Қазір жаңа спорттық нысандар құрылысы жүріп жатыр. Олардың барлығы әлемдік стандарттарға сай келеді. Ең бастысы 2017 жылғы Универсиададан кейін нысандар бос болып қалып қалмай, халыққа қол жетімді болу  керек. Әлемдік деңгейлі жарыстарды мүмкіндік болса жиі өткізіп тұру керек. Баяғыда спортшыларымызды дайындау үшін Еуропаға жіберетінбіз. Ал қазір олардың өз елімізде  шынығуларына мүмкіндіктері бар. Бізде дайындық жасауға деген жағдай өте жоғары деңгейде. Ендігі мақсат, шетелдік спортшыларды Қазақстанда дайындық жасайтындай жұмыс жасау. Жақында Ақбұлақтағы АИБА Бокс Академиясын барып көрдім. Ол жер шетелдің спортшыларына лық толы екен. Бұл деген жетістіктің бастамасы. Барлық қазақстандықтар спортшылардың ойындарын тамашалап, жанкүйер болады. Лондон Олимпиадасы естеріңізде ме? Ел болып қолдап, батырларымыз керемет нәтижеге жетті. Осы жолы да дәл солай болады, басқа жол жоқ».

Наргиза Исаева, керлингтен Қазақстан құрамасының капитаны: «Алматы қаласында Универсиаданы өткізу ел спортының қарыштап дамуына септігін тигізеді. Бізде халықаралық талаптарға сай спорттық ареналар бой көтеріп, бәріміз салауатты өмір салтын ұстанамыз деп ойлаймын. Мәселен, 12000 орынға арналған Мұз сарайы керлингтен халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға таптырмайтын нысан дер едім.Универсиада ойындарына қатысамын. Және оған дайындығым ойдағыдай жүріп жатыр. Әр жаттығу кезінде біздің команда 100 пайызға барын салып, қызу дайындалуда. Универсиада өз елімізде өткеннен соң, жанкүйерлерді жерге қаратуға болмайды. 2017 жылғы қысқы Универсиадаға әлемнің мықты студенттік командалары келеді. Және біз олардың арасынан үздік шығуға тырысамыз. Өйткені біздің командамыз да осалдардың қатарынан емес».

Регина Глазман, мәнерлеп сырғанаушы: «2017 жылы Алматыда өтетін қысқы студенттер ойыны менің қатысатын алғашқы Универсиадам. Сондықтан жауапкершілікті сезінгендіктен, бойымда алаңдаушылық бар. Дегенмен бәрін ысырып тастап, өзімді дайындауым керек. Өз елімде өтетін қысқы ойындарда барымды салып, жоғары нәтижеге қол жеткізгім келеді. Біз өз жанкүйерлеріміздің алдында өнер көрсетеміз, сондықтан олардың қолдауы бізге дем береді.

Жақында маған ота жасалды. Қазір мен қалпыма келіп жатырмын. Алайда ақпаннан бастап, жұмысқа кірісемін. Біз бапкерлерімізбен бірге арнайы жаттығу кестесін жасап қойдық. Соның негізінде дайындаламыз. Және Универсиадаға дейін, нағыз бабымда болсам деймін».

Серік Сәпиев, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы: «Біздің елімізде спортқа және оның инфрақұрылымына үлкен назар аударылады. Қазақстанда қысқы спорттың дамып келе жатқанын айқын байқауға болады. Өз елімізде қандай шара өткізсекте, бұл біздің мемлекетімізге айтарлықтай жетістік әкеледі. Универсиада сияқты ірі дода, спортты насихаттап қана қоймай, әлеуметтік рөл де атқарады. Қазақстанның әлем алдындағы әлеуеті артып келеді. Біздің спортшылар жоғарғы нәтижеге қол жеткізеді деп есептеймін. Дегенмен өз еліңде өтетін сайысқа қатысқанда, жауапкершілік еке есеге артады. Өйткені миллиондаған қазақстандықтар сенің жеңісіне сенім артады. Сенің мойныңда үлкен жүктің барын сезініп, олардың сенімін ақтауға тырысасың. Алайда жеңіспен қатар, ащы жеңілісте жүреді. Осы кезде жанкүйерлердің қолдауы аса қажет. Барлық спортшыларға төзімділік, жеңіс тілеймін!»

Элизабет Тұрсынбаева, 2014 жылғы Қазақстан чемпионы: «Әрине, мен қысқы Универсиада ойындарына қатысқым келеді, бірақ оған жас мөлшерім жетпейді. Дегенмен, көңіл-күйімді түсіргім келмейді. Себебі, Қазақстан әлі де талай жарыстарды ұйымдастырып, соған қатысатыныма сенімдімін.Әрине, өз еліңнің қабырғасында өнер көрсеткен керемет. Қысқы Универсиаданы өткізу елімізде спорттың қарқынды дамып жатқандығын тағы да дәлелдей түседі. 2017 жылы қазақстандықтар әлемнің ең мықты спортшыларын өз көздерімен көре алады және бұл еліміздің спорт саласының дамуына  үлесін тигізері анық. 2017 жылы біздің барлық спротшыларымыздың жанкүйері боламын. Жарыстың өз еліміздің қабырғасында өткізілетіндігі және жанкүйерлер қолдауы  қазақстандық спортшылардың жеңіске жетуіне өз септігін тигізеді. Оларға көп медальды қанжығаларына байлауды тілеймін! Бар күштерін салып, өз жанкүйерлерін қуантсын дегім келеді! Барлық қазақстандықтар жанкүйер болады!»

Юлия Галышева, 2015 жылғы қысқы Универсиаданың чемпионы: «Гранададағы Универсиада мен қатысқан алғашқы студенттер додасы болды. Бірінші рет аталған сайыстың деңгейіне көз жеткіздім. Енді онда жинаған тәжірибемнің арқасында, 2017 жылы елімізде өтетін Универсиада ойындарында сәтті өнер көрсетемін деп ойлаймын. 2017 жылы Универсиада ойындарынан бөлек, әлем чемпионаты мен Азия ойындары бар. Осы жарыстың барлығында сүрінбеуге тырысамын. Оған шама толықтай жетеді. 2017 жылғы қысқы Универсиадаға дайындығым ойдағыдай өтіп жатыр. Жарысқа арнайы бағдарлама дайындамақпын. Елімізде өтетін додаға қатысатын барлық спортшыларға сәттілік тілеймін! Универсиада ойындарының Қазақстанда өтетіндігіне шынайы қуаныштымын».

Юрий Мельниченко, 1996 жылғы Олимпиада чемпионы: «Универсиада – Олимпиада ойындарынан кейінгі ең маңызды сайыстардың бірі. Жарыстың деңгейі өте жоғары деп сеніммен айта аламын. Өйткені әлемнің небір мықты спортшылары осы додада бақ сынайды. Бұл жарыс біздің елімізді әлемге жақынырақ таныстыруға таптырмайтын шара дер едім. Универсиаданы өткізу арқылы, біз болашақта Қазақстанда Олимпиада ойындарын қабылдауға нық қадам жасаймыз. Өйткені, Универсиадада пайдаланылатын барлық нысандар, Олимпиадаға да жарамды. Алматыдағы спорт нысандары халықаралық талаптарға сай салынған. Алматыны спорттық инфраструктурасы дамыған шахар деп айтуға болады. Менің ойымша, қазақстандық спортшылар Универсиадада толағай табыстарға жетеді деп үміттенемін. Біріншіден, олар осындағы ауа-райына дағдыланған. Екіншіден, Қазақстанда спорт десе ішер асын жерге қойуға дайын ұйымшыл жанкүйерлер қалыптасқан. Біздің жанкүйерлер сайыс басталғанда, нысандарға барып, спортшыларға демеу көрсетуге әзір тұрады.Олар барда, спортшылар жерге қаратпас».

Аслан Тоғбаев, спорттық баңдарлаудан 2011 жылғы Азия ойындарының чемпионы: «Универсиада сияқты доданың өтуі жастар үшін пайдасы зор. Мұндай спорттық шара Қазақстанда жыл сайын өткізіле бермейді. Және де әлемге белгілі спортшыларды көре бермейсіз. 2017 жылы Алматыға өз елінің чемпиондары келеді. Біздің спортшылар олармен иық тірестіріп өнер көрсетулері қажет. Өйткені бүкіл әлемнен миллион алық осы жарысты тамашалайды. Мемлекет кәсіби спортқа көп көңіл бөліп жүр. Жарыс өтеді де кетеді, бірақ Универсиаданың несібесі алыққа қалады. Барлық спорт нысандары тек кәсіби спортшыларға ғана емес, спортты серік еткен әуесқойларға да қолжетімді болады. Біздің құрамада талантты, мықты спортшылар жетерлік. Және олар 2017 жылғы қысқы Универсиадада ел намсымын абыроймен қорғайды деп сенемін. Оларға тек жеңіс тілеймін».

Анна Алябьева, көркем гимнастикадан 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы: «Қысқы спорт түрлерінен бізде мықты спортшылар тобы қалыптасқан. Ең ірі жарыстарда олардың көрсетіп жүрген жетістіктерімен мақтануымызға болады. Универсиада өз елімізде өтетінін ескерсек, біздің спортшыларға бұл үлкен шабыт берері сөссіз. Бір жылда Экспо мен Универсиаданың өтуі, біздің Отанымыз үшін айтулы оқиға.Қазақстан азаматтары екі шараға да атсалыса алатыны қуанышты.2017 жылыАлматыда әлемнің ең мықты спортшылары басқосады. Оларды қолдап келетін жанкүйерлердің де қарасы көп болады.Универсиаданы дәрежесі жағынан Олимпиада ойындарына теңер едім. Ал аталған додаға қатысу, спортшы мансабының маңызды бір оқиғасы деуге болады. Аталған ірі шаралардың Қазақстанда өтуі, еліміздің барлық бағытта дамып келе жатқандығын көрсетеді».

Данияр Елеусінов, бокстан әлем чемпионы: «Қазір біздің спортшылар алдағы додаға тыңғылықты дайындалуда. 2017 жылға дейін олар біраз сындарда шыңдалмақ. Универсиаданың алтынына таласу үшін əр елден 2000-нан астам спортшы келеді. Олардың кез-келгені өз елінің үздігі. Бәсеке жоғарғы деңгейде болмақ! 2017 жылы қазақстандық спортшылар үздік нəтиже көрсетеді деп сенемін. Олардың əрқайсысының мойнында ауыр жүк тұр, сондықтан жарысқа 100 пайыз дайындықпен келеді деп үміттенемін. Өз еліңде өтетін жарыста жеңіліп қалмау керек, ең жоғарғы жүлдеге қол жеткізу қажет. Бүкіл Қазақстан өз Отандастарының аяқ-алысын аңдып, тілеуін тілейді. Жеңістеріне күə болады деп ойлаймын”.

Мұхит Тұрсынов, «Қазақстан барысы»: «Универсиаданың бізге берері, алдымен инфрақұрылымның дамуы. Осы додаға арнап қаншама спорттық нысандар салынуда. Сонымен қатар, қысқы спорт түрлерінен өтетін болғандықтан осы бір салаға қызығушылық артады. Дамуына үлкен серпін береді. Келер ұрпақ, жасөспірім балалар мен жастардың спортқа деген қызығушылығы оянады. Елімізге жан-жақтан туристер ағылады. Соның арқасында, мемлекетіміздің танымалдығы артады деген ойдамын. Біздің мұндай дәрежедегі жарысты өткізуден тәжірибеміз бар. 2011 жылғы Азия ойындары өте керемет өтті. Ал Универсиада ендігі 12 спорт түрінен өтеді. Соның арқасында, осы спорт түрлерінің бәрі белгілі бір шеңберде дамиды. Өзім, қысқы спорттан шаңғы тебуге қызығамын».

Ислам Байрамуков, еркін күрестен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері: «Универсиаданың елімізде өтетінін қолдаймын. Мұндай жарысты әлемнің кез келген елі өткізе бермейді. Өткіземін дегеннің өзінде әрбір елдің қолынан келе бермейді. Біздің мемлекет бұл жағынан жарап тұр. Универсиаданың пайдасы өте көп. Халықты салауатты өмір салтына шақырады, сонымен қатар, жарыс аяқталғаннан кейін қаншама спорт нысандары елдің игілігіне беріледі. Бұл жарыстың елімізде өтуінің басты мақсаты, қысқы спорт түрлерін дамыту деп ойлаймын. Спортшы болғаннан кейін барлық спорт түрлерін қараймын. Әсіресе, шаңғы тебу мен хоккей жаныма жақын. Одан бөлек, биатлонға қызығамын. Трамплиннен секірудің өзі, өз алдына бір өнер. Кейде ойлаймын, трамплиннен секіру үшін қандай жүрек жұтқан адам болу керек».

Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы: «Бұрындары мұндай ірі дәрежедегі жарыстар өтпеуші еді елімізде. Қазір осы жарыстардың арқасында спортымыз дамып келеді. Спорттық нысандардың салынуымен спортымыз дами түседі. Соңғы Олимпиадада үлкен жетістіктерге жеттік. 2011 жылы елімізде өткен Азия ойындарында жоғары нәтижені көрсеттік. Ендігі Универсиадада осындай жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Әрине, ойымыздағыдай болмай шығу мүмкін, өйткені бұл спорт. Спортта бәрі болады. Универсиаданың арқасында жастарымыз қысқы спортқа қызыға түседі. Өзім спорт десе жанын беретін адаммын. Сол себепті осындай іс-шаралар мені тек қана қуантады. Бұл жарыс барлық жағынан да спортты дамыта түседі. Мұндай әлемдік доданы кез келген мемлекет өткізе алмайды. Өткізу үшін де талай еңбектену қажет. Барлық елдер осындай халықаралық жарыстарды қабылдауға тырысады, әрі бір-бірімен жарысады. Спортқа қызығушылардың саны артқан сайын, халқымыздың денсаулығы жақсара түседі».

Жібек Арапбаева, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері:

«Мен, 2011 жылы Қазақстанда өткен 7-ші қысқы Азия ойындарына қатысқан болатынмын. Сол сында күміс еншілеп, тұғырға көтерілген сәтті ешқашан ұмытпаймын. Содан бері, аттай алты жыл өтті. Жеңістер де, сәтсіздіктер де болды. Жарақат алсам да, спорттан қол үзген емеспін. Өйткені мақсатыма толық жеттім дей айта алмаймын. Келер жылы елімізде өтетін Универсиада ойындарын асыға күтудемін. Осы сынға қатысуды көптен бері армандап, жоспарлап қойғанмын. Бұрын-соңды Универсиада ойындарына қатысып көрмегенмін. Елімнің мерейін асырғым келеді. Мен өзім айналысатын спорт түрін халыққа насихаттап, оның дамуына септігімді тигізгім келеді. 2011 жылы біздің командада, фристалдың акробатика түрінен бар-жоғы 3-4 адам болса, қазір біршама көбейіп қалдық. Ал Универсиада аяқталғаннан кейін, фристайлдың акробатикасына қызығып, осы спортқа ден қоятындардың қатары тіпті арта түседі деп есептеймін. Жеңісті күнде жолыққанша!»

Ермахан Ибраимов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:

«2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада , халық арасында қысқы спортқа деген қызығушылықты оятады. Және қысқы спортпен айналысып жүрген спортшыларымыздың әлеуетін арттырады. Соңғы екі Олимпиада ойындарында біздің спортшылар бар-жоғы екі медаль ғана жеңіп алды. Бұл өте аз. Біз келешекте Смирнов, Тен, Хрусталеваның ізбасарларын көргіміз келсе, қысқы спортты дамыта беруіміз керек. Ал қысқы спорттың дамуына Универсиада тікелей әсер етпек. Қазір осы жарыстың арқасында Алматыда жаңадан спорт нысандары салынып жатыр. Ертең, қысқы ойындар аяқталғаннан кейін, нысандардың барлығы халықтың спортпен шұғылдануы үшін пайдалануға беріледі. Керемет емес пе? Мен өз басым қысқы спортқа қызығамын. Маған допты және шайбалы хоккей ұнайды. Ондағы тартысты көргенде делебем қозады. Кезінде еліміздегі бір хоккей клубына мені кеңесші –жаттықтырушы ретінде шақырған. Бірақ мен келіспедім. Дегенмен бір рет барып, білген-түйгенімді жігіттерге үйретіп кеткенім бар. Нәтижесі жаман емес сияқты. Дамир Рыспаев сияқты ер жүректі жігіттердің шығып жатқаны қуантады».


хат жіберу